KZTO 842,00 (+0,32%)
KASE «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 842,00 (+0,32%)
Brent ()
WTI ()
0
0
0

«ҚазТрансОйл» АҚ бірлескен бақылаудағы компаниясы ICBC-тің 540 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі несиесін мерзімінен бұрын өтеді

 19.02.2024    2198

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС (50% «ҚазТрансОйл» АҚ және 50% China National Oil and Gas Exploration and Development Corporation иеглігінде) 540 млн АҚШ доллары мөлшерінде Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) қарызын мерзімінен бұрын өтеді.

2004-2008 жылдары «Атасу - Алашаңқай» және «Кеңқияқ - Құмкөл» магистральды мұнай құбырларының құрылысын қаржыландыру үшін «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС халықаралық коммерциялық банктерден жалпы сомасы 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде қарыз қаражатын тартты. 2018 жылы Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) компаниясымен несие шартын жасасу арқылы 540 млн АҚШ доллары мөлшерінде қарыз қалдығын қайта қаржыландыру жұмысы жүргізілді.

Қарызды мерзімінен бұрын өтеу нәтижесінде «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС сыйақы бойынша шығыстарды 1,6 млн АҚШ долларына азайтты.

«Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС «Кеңқияқ - Құмкөл» және «Атасу - Алашаңқай» магистральдық мұнай құбырларына иелік етеді. Бұл мұнай құбырлары «Қазақстан - Қытай» магистральдық мұнай құбырлары жүйесінің бөлігі болып табылады және 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісім шеңберінде салынған.

«Атасу - Алашаңқай» магистральды мұнай құбыры 2006 жылы пайдалануға берілді. Ол Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Құмкөл кен орындарының мұнайын Қытайға тасымалдауға, сондай-ақ Ресей мұнайының Қытайға транзитіне арналған. Мұнай құбырының жобалық қуаты – жылына 20 млн тонна мұнай. Мұнай құбырының ұзындығы - 965,1 км.

«Кеңқияқ - Құмкөл» магистральдық мұнай құбыры 2009 жылы пайдалануға берілген. Батыс Қазақстан және Ақтөбе кен орындарының мұнайын тасымалдауға арналған. Мұнай құбырының жобалық қуаты – жылына 10 млн тонна. Мұнай құбырының ұзындығы – 794,2 км.

«ҚазТрансОйл» АҚ – магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы болып табылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді.

Реакция:
Серiктестер